Алматыда бір күнде 1 мың текше метрден астам қоқыс шығарылды
Тазалық жұмыстарына 7 мыңнан астам тұрғын қатысып, 153 арнайы техника жұмылдырылды.
Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Экологтар күніне орай Алматыда жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды.
Алматы әкімдігінің хабарлауынша, экологиялық акция қаланың барлық 8 ауданындағы 12 аумақта өтті. Тазалық жұмыстарына 7 мыңнан астам тұрғын қатысып, 153 арнайы техника жұмылдырылды.
Сенбілік нәтижесінде қала аумағынан 1 139 текше метр қоқыс пен түрлі қалдық шығарылды.
Тазалық шаралары Үлкен Алматы, Кіші Алматы, Қарғалы, Жарбұлақ, Ақсай және Қарасу өзендерінің жағалауларында, сондай-ақ саябақтарда, қоғамдық кеңістіктер мен өзге де қала аумақтарында жүргізілді.
Экологиялық акцияның негізгі мақсаты – тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қаланың тазалығы мен көркін арттыру және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау қағидаттарын насихаттау.