Зертхана, робототехника мен нанотехнология кабинеттері: Алматылық оқушылар оқу жылын жаңа мектепте бастады
Алматыда «Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған мектептен фоторепортаж.
Бүгін білім күні қарсаңында Алматыда 10 500 оқушыға арналған 7 «Келешек мектебі» және «Зерделі» шағынауданындағы 550 орындық жалпы білім беретін мектеп оқушылар үшін есігін айқара ашты. Солардың бірі Алматының Түрксіб ауданында орналасқан №228 жалпы білім беретін мектеп жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдай бастады.
Жаңа мектептің директоры міндетін педагогика ғылымдарының магистрі, білім беру саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар Салтанат Мұсағұлова атқарады. Бұған дейін ол Алматы қаласындағы бірнеше білім беру ұйымын басқарған.
«Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған білім ордасы 2 мың оқушыға арналған және заманауи инфрақұрылыммен толық жабдықталған.
Мектеп Д.А. Қонаев атындағы ықшамауданда орналасқан. Нысанның құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілген.
Білім беру қызметін жүргізуге қажетті лицензия мен санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды да алынған.
Үш қабатты ғимараттың жалпы ауданы 24,3 мың шаршы метр.
Мектепте бастауыш, орта және жоғары сыныптарға арналған оқу кабинеттерімен қатар физика, химия, биология және информатика пәндері бойынша арнайы зертханалар қарастырылған.
Жаңа білім ордасында барлығы 96 оқу кабинеті жұмыс істейді.
Оның 34-і бастауыш сыныптарға, 62-сі жоғары буын оқушыларына арналған.
Сонымен қатар STEM-зертхана, робототехника кабинеті, информатика және цифрлық сауаттылық сыныптары, химия, биотехнология, физика және нанотехнология кабинеттері ашылған.
Мектептің ерекшеліктерінің бірі – қауіпсіздік пен жайлылыққа басымдық берілуі. Ғимаратта Face ID арқылы кіру жүйесі мен бейнебақылау орнатылған.
Сондай-ақ оқушылар ағыны жас ерекшеліктеріне қарай бөлініп, қауіпсіз орта қалыптастырылған.
Білім ордасында ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін инклюзия кабинеттері мен сенсорлық бөлме жабдықталған. Ғимарат мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін қозғалуына толық бейімделген.
Оқушылардың жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында мектеп аумағында футбол алаңы, әмбебап спорт және теннис алаңдары салынған. Сонымен қатар төрт спорт залы, 330 орындық акт залы және 440 орындық асхана жұмыс істейді.
Жоба қаладағы мектеп орындарының тапшылығын азайтуға бағытталған.
№228 мектептің ашылуы Түрксіб ауданындағы оқушы саны шамадан тыс көбейген №211 және №198 мектептеріне түсетін жүктемені төмендетуге мүмкіндік береді.