Алматыда бейнебақылау камералар көмегімен 1,5 мыңға жуық қылмыс ашылды
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» ТА-дағы тікелей эфир кезінде айтты.
Әкім қаладағы полицияның техникалық жабдықталуы мен бейнебақылау желісінің көбеюі қылмысты ашуға оң әсер еткенін жеткізді.
Қазір жаңа техниканы қолданбай қылмыспен күресу мүмкін емес. Сондықтан полиция органдарын жабдықтауға ерекше назар аударылып отыр. Қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз ететін полиция қызметкерлеріне видеорегистраторлардың 529 жаңа буыны сатып алынды. Жақын арада барлық полиция қызметкерлеріне осындай видеорегистраторлар беріледі,-деді әкім.
Сонымен қатар ол 1 мыңнан астам электронды планшет сатып алынғанын, соның арқасында хаттамалар мен құжаттарды толтыру уақыты едәуір қысқарғанын айтты. Егер бұрын хаттаманы толтыруға 30-40 минут кететін болса, қазір бұл уақыт 5-7 минутқа дейін қысқарған.
Бүгінде қалалық Полиция департаментінің Жедел басқару орталығында 4 мың бейнебақылау камераларының көмегімен мониторинг жүргізілуде. Жыл басынан бері камералардың көмегімен 1425 қылмыс ашылды, 780 мың әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бейнемониториг жүйесінің жобасы әзірленуде, оның аясында қаланың қоғамдық орындарында 3 мың камера орнатылады. «102» мобильді қосымшасы жасалды,енді кез-келген азамат қосымша арқылы онлайн-қоңырау соғып, болған оқиға туралы хабарды тарата алады,-деді Сағынтаев.