Алматыда бес шақырымдық жаңа метро желісі бой көтереді

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды бүін, 1 қыркүйек күні Метрополитен жобаларының іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ қала әкімдігіне сілтеме жасап.

Жоспарға сәйкес, метроның бірінші желісінің үшінші кезеңінде ұзындығы бес шақырымнан астам жаңа желі салынбақ. Ол үш станцияны қамтиды: Наурызбай ауданы әкімдігінің маңында, Алатау даңғылы мен Төле би көшесінің қиылысында және "Барлық" базарының жанында. Соңғысы ірі көлік торабымен біріктіріледі.

Әкім ерекше назар аударған "Қалқаман" станциясында қазір негізгі жер қазу жұмыстары аяқталған. Монолитті құрылыстың 75%-ы орындалды, инженерлік жүйелерді орнату жүріп жатыр. Күн сайын бұл станцияны 100 мыңнан астам жолаушы пайдалануы мүмкін.

Бас мердігер құрылыс мерзімін қысқартуды жоспарлап отыр. Қарашада бетондау аяқталып, инженерлік және әрлеу кезеңіне көшу көзделуде.

Қала басшысы жобаны сапалы әрі уақтылы орындауды тапсырды. Оның айтуынша, метроны дамыту – көлік жүктемесін азайтып, алматылықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Алматы қаласының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы