28 Қараша 2026, 16:49 Фото: istockphoto.com

Алматыда бес адам қаза тапқан үйдегі өртке күдікті әйел ұсталды

Тергеу нұсқасы бойынша, 37 жастағы әйел қылмысқа жеке бас араздығы салдарынан барған.

Алматының Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйде бес адамның өмірін қиған өртке қатысты қылмыстық іс ашылды. Қайғылы оқиға 26 қарашаға қараған түні болған. Өртті сөндіру кезінде үй ішінен қаза тапқандардың денесі табылған. Оқиғаны тергеу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылған.

Жедел уәкілдер бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерттеп, күдікті әйелдің жүрген бағытын анықтаған. Сондай-ақ оқиғаның мән-жайын қалпына келтірген.

Тергеу нұсқасы бойынша, қайғылы оқиғаға жеке бас араздығы салдарынан жасалған қасақана өрт қою себеп болған. Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 37 жастағы күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, – деп хабарлады Алматы қалалық полиция департаменті.

Қазір қылмыстық істер бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.