Алматыда базардан тағы да өрт шықты
Алапат жалын Жетісу ауданындағы базардағы екі қабатты асханадан шыққан, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Өрт сөндіру көліктеріне жеке автокөліктер кедергі келтірген. Қойма үй-жайларынан тауарлық-материалдар қауіпсіз жерге көшірілген.
Аталған жағдайға байланысты Алматы қалалық ТЖД баспасөз қызметі мәлімдеме жасады.
18 қыркүйек күні сағат 13:26 -да Алматы қаласы ТЖД күштері мен құралдары Жетісу ауданы базарының аумағында орын алған жоғары дәрежедегі шақырту бойынша өрт сөндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өртке қарсы техникаға ретсіз қойылған жеке автокөліктер кедергі келтіріп, тәртіп пен қоршауды қамтамасыз ету үшін полиция департаментінің қызметкерлері жіберілді. Өртке қарсы оқпандар тілсіз жауға үздіксіз су шашып, көршілес салынған қойманы қорғауға бағытталды, – деді ТЖД баспасөз қызметі.
Өрт 13:50-де оқшауланды. Қойма үй-жайларынан тауарлық-материалдар қауіпсіз жерге көшіріліп, өрттің таралу қаупі жойылды. 14:13-те өрт толығымен сөндірілді.