Алматыда «Бауырсақ Fest» фестивалі өтті

Алматыда Халықаралық нан күні мен Халықаралық аспаздар күніне арналған «Бауырсақ Fest 2023» V қалалық фестивалі өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қала тұрғындары ұлттық тағамнан дәм татып, оны пісіру жолдарымен танысты.

Бұл фестиваль біздің оқу орнында 5 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Алматы қаласының 6 колледжінен аспаз оқытушылары қатысып жатыр. Үшеуі бауырсақ пісіріп жасаса, қалған үшеуі арт-үстел жасайды. Қазылар алқасы тарапынан жеңімпаздарды бағалау критерийлер бойынша анықталады. Дәстүрлі бауырсақ, ши бауырсақ, авторлық бауырсақ екі келіден болады. Сондай-ақ, бауырсақ тоңмаймен пісірілуі керек. Дәмі мен құрамы үйлескенде жеңімпаз атануы мүмкін. Ал арт-үстел әзірлеушілер барлығын ұн өнімдерінен жасайды. Барлық тағамдар ысырап болмас үшін, қарттар үйі мен ардагерлер үйіне табысталады, - дейді «Алматы сервистік қызмет көрсету колледжі» оқытушысы, ұйымдастырушысы Қабылбекова Мөлдір.

Фестивальде Алматы қаласындағы колледж оқытушылары үш номинация арқылы сайысқа түсіп, классикалық «Бауырсақ», «Ши бауырсақ», авторлық «Бауырсақ» пісірді.

Оқытушы аспаз шебері болып жүргеніме 8 жыл болды. Биыл авторлық бауырсаққа қызыл мен қара улдырық қосып жасадық. Құрамында сарымсақ бар. Осылайша классикалық бауырсақтан ерекшеленеді. Дәмі өте дәмді болды деген сенімдемін. Былтыр да қатысып, бас жүлдеге ие болған едім. Ол кезде бауырсаққа шпинат қостық. Биыл да бас жүлдеге ие боламыз деген сенімдемін. Классикалық бауырсақтың пішінін ерекше жұлдыз тәріздес жасадық, - дейді Алматы мемлекеттік бизнес колледжі өндірістік оқыту шебері Ақбота Ағымбаева.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы