Алматыда "Бастау" кинофестивалі ашылды
Алматыда XII Халықаралық "Бастау" студенттік және дебюттік фильмдер кинофестивалі ашылды, деп хабарлайды BAQ.KZ 24KZ-ке сілтеме жасап.
Кино әлемінде өз орнымды алсам дейтін жастар жарыста бақ сынайды. Биыл конкурсқа 500-ге жуық өтінім түскен. Дәстүрлі кинофестиваль жас режиссер Алина Мұстафинаның дебюттік толықметражды деректі фильмімен ашылды.
Картинаның әлемдік премьерасы қазан айында Оңтүстік Кореяда – Пусан халықаралық кинофестивалінде өткен болатын. Картина шынайы оқиғаларға негізделген. Ағасының жерленген жерін іздеп Польшаға жол тартқан режиссер фильмге ата-баба сабақтастығын арқау етеді.
Кинофестивальдің шымылдығы деректі фильммен ашылып жатқаны қуантады. Мен үшін ерекше жағдай. Бұл елімізде деректі фильмге назар аударылып жатқанын көрсетеді. Деректі фильм бұл журналистік зерттеу немесе телебағдарлама емес. Ол киноөнердің бастауы, - деді режиссер Алина Мұстафина.
Фестиваль аясында әлемнің түкпір-түкпірінен ұсынылған қысқаметражды ойын, деректі және анимациялық дебюттік фильмдер көрсетіледі. Биыл конкурсқа қатысу үшін 500-ге жуық өтінім келіп түсіпті. Қазылар алқасы іріктеуден өткен 100-ден аса картинадан үздіктерін таңдайды.
Студенттік фильмдер болғанымен, өте мықты картиналар көрдік. Өте ұнады. Біз енді фильмдерді визуалды элементтер арқылы таңдаймыз. Кастинг дұрыс болу керек. Картинкасы әдемі болу керек. Актерлар ойынын қараймыз, одан кейін енді сюжет өте маңызды. Осындай талаптар бойынша таңдаймыз, - деді қазылар алқасының мүшесі Олжас Баялбаев.
"Бастау" фестивалі – жас киномамандары үшін жолашар жоба. Жас режиссерлар тырнақалды туындыларын жарыққа шығаруға мүмкіндік алып, халықаралық кинематографистердің тәжірибесіне қанығады.
Киноконкурс 14 желтоқсанға дейін жалғасады. Байқаудың барлық көрсетілімдері "Тұран" университетінде өтеді. Кіру тегін.