Алматыда бас шыршаның шамы жағылды

Қаланың бас шыршасының шамдары Абай алаңында салтанатты түрде іске қосылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Биіктігі 22 метр шыршаны жағу рәсіміне эстрада жұлдыздары - Роза Рымбаева, Мәдина Сәдуақасова, Әли Оқапов, Мәди Рымбаев, «Жігіттер», «Кешью», «Ринго», «Шамис» және өзгеде өнерпаздар қатысты.

Сондай-ақ, сыйқырлы кейіпкерлердің кейпіне енген аниматорлар алматылықтардың көңіл-күйін көтерді. Мерекелік шараға қатысушылар үшін жедел басып шығаратын арнайы фото-будкалар, суретке түсуге арналған аймақтар және жаңажылдық жәрмеңке де ұйымдастырылды.

Қаланың бас шыршасымен бір мезгілде әр аудан шыршасының шырағы да жанды. Жаңа жылдық шыршалар әр ауданның негізгі алаңдарында орнатылған: Алмалы ауданы – «Астана» алаңы, Абай атындағы ҚазҰТЗУ алдындағы алаң, Алатау ауданы – «Алматы Арена» мұз айдыны алдындағы алаң, Әуезов ауданы-Н. Сац атындағы жасөспірімдер театры алдындағы алаң, Бостандық ауданы – Тұңғыш Президент атындағы саябақ, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, Жетісу ауданы – Серіков көшесі, 2а, Медеу ауданы – «Халық арена» МС алдындағы алаң, «Медеу» биік таулы спорт кешені, Түрксіб ауданы – Сейфуллин даңғылы бойындағы №6 оқушылар үйі, Наурызбай ауданы – Шұғыла ш/а, 347.

Алдағы уақытта да алматылықтар мен қала қонақтары үшін қысқы фестиваль форматында тақырыптық жаңажылдық іс-шаралар ұсынылады. Фестиваль бағдарламасында халықтық караоке, би флешмобы, байқаулар, спектакльдер, эстрада жұлдыздарының қатысуымен жанды музыка, хаскимен фотосессиялар, шеберлік сыныптары мен көрмелер, қалалық мейрамханалар және кафелердің гастро- корнерлері болады және 25 желтоқсан күні Аяз Аталар шеруі өтеді.

Айта кеткен жөн, 31 желтоқсан күні жаңа жыл қарсаңында «Астана» алаңында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өткізу жоспарланған. Іс-шара соңы мерекелік отшашуға ұласады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы