Алматыда «Баршаға денсаулық» атты VI-шы халықаралық конгресс өтіп жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда медициналық-санитариялық алғашқы көмекке арналған «Баршаға денсаулық» атты жыл сайынғы VI-шы халықаралық конгресс өтіп жатыр. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осымен алтыншы рет өтіп отырған шараның биылғы тақырыбы медициналық-санитариялық алғашқы көмекке арналып отыр. 

«Осыдан қырық жыл бұрын Алматыда медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөнінде декларация қабылданған және сонымен жұмыс істеп келдік. Өткен жылы осы тақырыпта жаһандық форум өтіп, оған Астана декларациясы деген атау берілді. Осылайша Қазақстан денсаулық сақтаудың әлемдік негізін қалаған екі құжаттың отаны болып отыр. Біз мұны мақтан тұтамыз. Бүгінгі конгресс сол қызмет түрін одан әрі жетілдіре түсуге арналып отыр», - дейді «Қазақстандық медициналық ұйымдар альянсы» РҚБ басқарма төрағасының орынбасары Алмагүл Қауышева. 

Шараға медициналық мекемелердің басшылары, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Жоғары оқу орындарының өкілдері, медицина қауымдастығы, ғалымдар мен шетелдік қонақтар қатысып отыр. 
Жиын барысында қытайдан келген дәрігерлер өз тәжірибелерімен бөлісіп, осы саладағы жетістіктерімен таныстырды.

«Биылғы жиын жылдағыдай қызықты өтіп жатыр. Мәселен, емдеу кезінде науқастың өзін де емдеу үдерісіне тарту сияқты қызықты баяндамалар оқылды. Сонымен қатар, адамдарды өз денсаулығына немқұрайлы қарамауға үйрету ұсынылды. Яғни, ауруын асқындырмай уақытылы ем қабылдаудың маңызды екенін түсіну қажет. Осы тұста Қытайдан келген әріптесіміздің «ақшаны ауырғаны үшін емес, дені сау болып жүргені үшін бөлу керек» деген идеологиясы ұнады. Қытай медицинасының мыңжылдық тарихы бар, сондықтан оларды да тыңдаған маңызды. Біздің медицина да бір орнында тұрып қалған жоқ, алға қарай ілгерілеуде. Қазір біз цифрландыруды енгізіп жатырмыз. Поликлиникалар ескіден кетіп, жаңа жүейге бейімделуде. Сондықтан бүгінгі конгресс біздің денсаулық сақтау саласының үлкен қадамдар жасауына жағдай жасайды деп ойлаймын», - дейді Алмагүл Қауышева.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы