Алматыда балаларға арналған алғашқы паллиативтік бөлімше ашылды
Қазіргі таңда Қазақстанда паллиативтік көмекке мұқтаж 4 816 бала динамикалық бақылауда тұр.
Қазақстанда балаларға мамандандырылған паллиативтік көмек көрсету жүйесі дамып келеді. Тамыз айында Алматы қаласының №2 балалар қалалық клиникалық ауруханасында ауыр дертке шалдыққан балаларға арналған алғашқы мамандандырылған бөлімше ашылды.
Алматыға жұмыс сапары барысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бөлімшенің жұмысымен және медициналық көмек көрсету жағдайларымен танысты.
2025 жылғы желтоқсанда балаларға паллиативтік медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты қайта қаралды. Құжатта паллиативтік сүйемелдеуді қажет ететін аурулар мен жағдайлардың бес санаты белгіленген.
Қазіргі таңда Қазақстанда паллиативтік көмекке мұқтаж 4 816 бала динамикалық бақылауда тұр. Медициналық ұйымдарда балаларға арналған 169 паллиативтік төсек бар.
2024 жылдан бастап «Диспансерлік науқастардың электрондық тіркелімі» ақпараттық жүйесінде паллиативтік көмекке мұқтаж балалардың жеке базасы жүргізіледі. Бұл пациенттерді есепке алуға, қажетті медициналық көмекті жоспарлауға және оның қолжетімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Алматыдағы жаңа бөлімше ауыр созылмалы және жазылмайтын аурулары бар балаларға тәулік бойы медициналық көмек көрсетеді. Мұнда дәрігерлер, медицина қызметкерлері және басқа да мамандардан құралған мультидисциплинарлық команда жұмыс істейді.
Бөлімше өкпені жасанды желдету аппараттары, инфузиялық сорғылар, медициналық аспираторлар, пациенттердің өмірлік маңызды функцияларын бақылайтын мониторлар және оттегімен қамтамасыз ету жүйесі сияқты арнайы жабдықтармен қамтылған.
Паллиативтік көмек баланың өмір сүру сапасын жақсартуға, симптомдарын бақылауға және отбасына кәсіби қолдау көрсетуге бағытталған.
Бұл бағыттағы жұмысты үйлестіру үшін Балаларға паллиативтік көмек көрсету мәселелері жөніндегі үйлестіру орталығы айқындалды. Орталық медициналық ұйымдарға әдістемелік қолдау көрсетіп, көмектің сапасы мен қолжетімділігін мониторингтейді және мамандарды оқытуды ұйымдастырады.