Алматыда балалар дәрігерлерінің халықаралық конференциясы өтті
Алматыда «Педиатрия мен балалар хирургиясының заманауи мәселелері: тәжірибе, инновациялар және жетістіктер» атты ғылыми-практикалық конференция және «Жас зерттеуші: қазіргі заманғы педиатрия мен балалар хирургиясының сын-қатерлері мен даму перспективалары» атты жас ғалымдар мектебі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Іс-шара гибридті форматта ұйымдастырылып, Қазақстан мен шетелден келген 100-ден астам спикер және 1500-ден астам қатысушыны – педиатрларды, балалар хирургтарын, ғалымдар мен жас мамандарды біріктірді.
Бұл конференция педиатриялық қызметтің ғылыми тәжірибесін дамытуға, клиникалық тәжірибені жетілдіруге және кадрлық әлеуетті нығайтуға бағытталған дәстүрлі жыл сайынғы алаңға айналған.
Талқыланған өзекті тақырыптар:
– Балаларға медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудың жаңа тәсілдері;
– Диагностика мен емдеудің инновациялық әдістері;
– Балалар хирургиясындағы заманауи технологиялар;
– Әртүрлі патологиясы бар балаларды оңалту және әлеуметтік бейімдеу;
– Цифрлық медицина мен ақпараттық шешімдерді дамыту.
Конференцияның екінші күні өткен Жас ғалымдар мектебінде докторанттар, магистранттар және резиденттер педиатрия мен балалар хирургиясының өзекті мәселелері бойынша 50-ге жуық ғылыми баяндама жасады.
Іс-шараның ашылуында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова, С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ проректоры Светлана Сұлтанғазиева және Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрағасы Абай Құсайынов құттықтау сөз сөйледі.
Жас ғалымдардың қатысуынсыз заманауи медицина дамымайды. Бұл іс-шара олардың ғылыми әлеуетін кеңейтіп, зерттеулерді тәжірибеге енгізуге мүмкіндік береді. Биылғы қатысушылар жоғары дайындық пен мазмұнды баяндамалар көрсетті. Біз жастарымызды мақтан тұтамыз – олар отандық медицинаның болашағы, – деді ПБХҒО ғылыми және инновациялық қызмет жөніндегі орынбасары Ләззат Манжуова.
Бүгінде орталықтың резидентура түлектері еліміздің барлық өңірлерінде еңбек етіп, балалар денсаулығын қорғауға өз үлесін қосып жүр.
Іс-шара Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен «Педиатрлар Одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтті.