Алматыда азық-түлік бағасын тұрақты ұстау үшін 6 кәсіпорын мемлекеттен субсидия алған

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқарма басшысының орынбасары Қарлығаш Әбдіжаббарова онлайн брифинг барысында қаладағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын ұстап тұру үшін қандай шаралар қолға алынғанын баяндады.

Оның айтуынша, Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасына мониторинг жасалып отырады әрі ерекше бақылауда. Бағаны ұстап тұру үшін кешенді әрі жүйелі шаралар қолға алынған. 

Біріншіден, аудандық әкімдіктер апта сайын мониторинг жүргізеді. Ол деген азық-түлік базарлары, ірі дүкендер мен «Алтын орда» көтерме базары. Бағалар шектен тыс көтерілген жағдайда оларға түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Ал тауар жеткізушілер бағаны көтерген болса, өңірден өзге жеткізушілерді табуға кеңес береміз. Тамыз айының басынан бері жедел шаралардың арқасында әлеуметтік маңызы бар 5 тауар түріне бағалар анағұрлым төмендетілді. Бұл күріш, картоп, пияз, қант және дәнді дақылдар, - дейді ол. 
Сөз арасында ол Алматыны азық-түлікпен қамтамасыз ету және баға тұрақтылығын сақтау үшін 2017 жылы пилоттық бағдарлама қолға алынғанын жеткізді. Бұл кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру арқылы іске асырылады әрі нәтижесі де жақсы болған. 
Одан бөлек, карантин алғаш жарияланған кезде өңірлердегі ауыл шаруашылық өнімдерін бірден сауда орындарына жеткізу мәселесі қолға алынды. Қазір өңірлерден жеткізілетін өнімдер делдалсыз тікелей сауда орындарына жеткізілуде. Оған қоса сиыр еті де төмендетілген бағамен жеткізіліп жатыр. Сондай-ақ қаладағы азық-түлік өндіретін мекемелер мемлекет тарапынан субсидияланып жатыр, соның нәтижесінде олармен бағаны көтермеуге келісім жасалды. Жасасқан меморандумдар шеңберінде 27 сауда нысандарымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына қойылатын сауда үстемесін 15%-дан асырмай сақталуының мониторингі жүргізіледі, - дейді Қарлығаш Әбдіжаббарова.
Сонымен қатар, ол  ӘМАТ өндірушілеріне субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдау көрсетілетінін айтты.
Осы жылдың басынан бері 6 кәсіпорын, атап айтсақ «Масло-Дел» ЖШС, «Беккер и К» ЖШС, «МЗ Солнечный» ЖШС, «RG Brands» ЖШС, «ЕФК» АҚ, «Асыл Тұяқ» КШ 500 млн теңгеден астам жалпы сомасында субсидия алды. Қазіргі уақытта, 5 кәсіпорыннан келіп түскен 350 тапсырыс пысықталуда, субсидияның жалпы сомасы 800 млн теңгені құрайды бұл 41,9 млрд теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді, - дейді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы