Бүгiн 2026, 12:55 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Арман Мухатов

Алматыда әйелдерге қатысты зорлық бойынша ахуал күрделі

Алайда өткен жылмен салыстырғанда әйелдергі қатысты қылмыс саны азайған.

Алматы қаласы Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Айтан Елеусізов қалада әйелдерге қатысты зорлық бойынша ахуал күрделі екенін айтты. Алайда өткен жылмен салыстырғанда қылмыс төмендегені байқалған. 

Оның сөзінше, жыл басынан бері әйел адамға қатысты 2569 құқықбұзушылық жасалған.

Былтыр 2930 жағдай болған. Өткен жылмен салыстырғанда 12,6 пайызға төмендеген. Оның көбі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы алдын ала жұмыс жүргізгеніміздің арқасында азайды деп ойлаймыз. Себебі жыл басынан бері 2,9 мыңнан аса агрессор тіркеуге тұрып, олармен жеке профилактикалық жұмыс жүргізілді, - дейді Елеусізов. 

Сонымен қатар, 30 адам психокоррекциялық курстарға жіберілген. 

Әйел адамдар сталкингтен қалай қорғануы керек? 

Айтан Елеусізов сатлкингтен қорғану жолдарын түсіндірді. 

Кез келген жерде бейтаныс адамдармен сөйлесе бермеу керек. Екіншіден, әлеуметтік желіде өзі туралы ақпаратты немесе жүретін жерлерінен сурет, видеоларды көп салмауы керек. Жақындарына не туыстарына қайда баратынын, кіммен кездесетінін хабарлап отыруы керек. Одан бөлек, өзіне жасалған құқық бұзушылық фактілерін ұялмай, қысылмай көмек сұрау керек, - дейді Елеусізов.