Алматыда «Айбын» әскери-патриоттық ойынының жеңімпазы анықталды
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыдағы Армия орталық спорт клубында оқушылар арасындағы «Айбын» әскери-патриоттық ойындарының қалалық кезеңі аяқталды.
Жасөспірімдерді әскери қызметке баулитын әскери ойындар Қорғаныс істері жөніндегі департаментпен дәстүрлі түрде жыл сайын өткізіліп келеді. Биылғы жарысқа Алматы қаласының әскери-патриоттық клубтарының 150-ге жуық тәрбиеленушісі қатысты.«Жарысқа 14-18 жас аралығындағы жасөспірімдер әскери жаттығулар бойынша сайысқа қатысты. Атап айтар болсақ олар «Менің ротом» байқауында роботпен жұмыс істеді, АК-74 автоматын бұзып, қайта құрастырды. Сонымен қатар пневматикалық винтовкамен оқ атты. Оған қоса жүгіру, эстафета, саппен жүру, ән айту бойынша да сынға қатысты», - дейді Алматы қаласы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің баспасөз хатшысы Кристина Новикова.
Жарыстың нәтижесінде Түркісіб ауданының командасы, яғни №78 мектеп бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Әуезов ауданының №132 мектебі иеленді. Бостандық ауданының №138 мектебі мен Медеу ауданының №28 мектебі үшінші орыннан көрінді.
«Мен «Айбын» әскери-патриоттық ойынына қатысып жатқанымды мақтан тұтамын. Бұл ойын біздің бірлігімізді нығайта түсті, яғни командалар бір-бірімізге бәскелес болғанымен достығымыз артты. Біздің команда барлық тапсырманы жақсы орындай білді әрі ойын барысындағы әсер мен толқуларды айтып жеткізу мүмкін емес», - дейді №138 мектептің оқушысы Айгүл Еренбаева.
Жеңімпаз команда Қарағанды облысының Спасск қаласында өтетін "Айбын" әскери-патриоттық жастар жиынының республикалық кезеңінде Алматы қаласының намысын қорғайды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы