Алматыда автобус апатынан 3 адам қаза тапты
Алматыдағы "Қалқаман" аялдамасындағы автобус апатынан 7 адам зардап шекті, 3 адам қаза тапты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Аталған жағдайға Алматы қаласының полиция департаментінің баспасөз қызметі түсініктеме берді. Департамент мәліметінше, 47 бағыттағы автобус жүргізушісін жолаушы ұрып жіберген. Соның салдарынан қоғамдық көлік басқарусыз күйде аяладамаға адамдарға соғылған.
Алматы қалалық полиция Департаменті, бүгін, 2023 жылғы 22 желтоқсанда 18 сағат 15 минутта 47-бағыттағы қоғамдық көліктің (жеке тасымалдаушы - «ДуманТрансКом» ЖШС) жолаушысы жанжал салдарынан жүргізуші әйелді ұрғандығын, ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмай қалғанын хабарлайды. Бақылаудан шығып кеткен қоғамдық көлік аялдамада тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысты. Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, тағы 4 адам дене жарақаттарын алды. Олар ауруханаға жеткізілді. Қоғамдық көлік жүргізушісін ұрған ер адам ұсталды. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Сараптама тағайындалды. Оқиғаның басқа да мән-жайлары анықталуда”, - деп хабарлайды Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Зардап шеккен азаматтардың қал-жағдайына байланысты Денсаулық сақтау басқармасы түсініктеме берді.
Апат салдарынан 7 адам зардап шекті. Жедел медициналық қызмет келгенше үшеуі қайтыс болды. Үш ересек адамға жабық бассүйек-ми жарақаты, ми шайқалуы, біреуіне сол жақ жамбас сүйегінің сынығы диагнозы қойылып N7 қалалық клиникалық ауруханаға жатқызылды. Төртінші зардап шеккен 15 жастағы бала сол табан сүйектерінің сынуы диагнозымен N2 қалалық балалар клиникалық ауруханасына жатқызылды. Зардап шеккендерге психологиялық көмекті қосп, барлық қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп жатыр,- дейді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.