Алматыда аутизм диагнозы қойылған 1500-ден астам бала есепте тұр
Балалардағы психикалық денсаулыққа қатысты мәселелер кез келген жаста байқалуы мүмкін. Мамандар мұндай белгілерді ерте анықтау баланың болашақ дамуы үшін аса маңызды екенін айтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматы қаласының бас штаттан тыс балалар психиатры, Психикалық денсаулық орталығының балалар стационарлық бөлімінің меңгерушісі Ольга Александрованың айтуынша, психикалық даму ерекшеліктерінің алғашқы белгілері нәресте кезінде-ақ байқалуы мүмкін.
Балаларды ерте жастан тексеруге мүмкіндік беретін арнайы скринингтер бар. Соның арқасында кейбір ерекшеліктерді сәби 18 айға толмай тұрып-ақ байқауға болады. Сонымен қатар мұндай белгілер мектепке дейінгі кезеңде, мектеп жасында және жасөспірім шақта да анықталады, – деді маман.
Оның сөзінше, әсіресе жасөспірімдік кезең психикалық денсаулық тұрғысынан күрделі уақыт саналады. Дәл осы шақта көптеген психикалық бұзылыстардың алғашқы белгілері байқалуы мүмкін.
Ольга Александрова балалар арасында аутизм спектрінің бұзылыстары жиі кездесетінін атап өтті. Қазіргі таңда Алматы қалалық Психикалық денсаулық орталығында осындай диагнозбен 1502 бала есепте тұр. Олардың 1402-сі – балалар, ал 100-і – жасөспірімдер.
Маманның айтуынша, аутизм диагнозы қойылған балалар саны жыл сайын артып келеді. Ауру әртүрлі жаста анықталуы мүмкін болғанымен, көбіне ерте жастағы балалар арасында жиі тіркеледі.
Дәрігер ата-аналарды баланың мінез-құлқында, қарым-қатынасында немесе дамуында ерекшеліктер байқалса, маман кеңесіне жүгінуге шақырды. Оның айтуынша, мәселені ерте анықтау және уақытында көмек көрсету баланың қоғамға бейімделуіне және дамуына оң әсер етеді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Алматыда психиатриялық көмекке жүгінетіндер саны көбейген. Биылғы тоғыз айда психикалық денсаулыққа қатысты қызметтерге жүгінгендер саны 45 мыңға жуықтаған. Бұл туралы Алматы қаласының бас психиатры, Психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Наби Есімов айтты.