Алматыда ауаны ластайтын көліктерді тоқтатпай-ақ өлшейтін жүйе сынақтан өтіп жатыр
Алматыда автокөліктердің ауаға бөлетін зиянды заттарын қозғалыс кезінде анықтайтын жаңа технология сынақтан өткізіліп жатыр. OPUS RSE жүйесі көліктерді тоқтатпай-ақ, олардың пайдаланылған газындағы зиянды заттардың мөлшерін өлшеуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, бұған дейін «Eco Almaty» мамандары Испанияның OPUS компаниясымен келіссөз жүргізіп, автокөліктерге қашықтан экологиялық мониторинг жасау технологиясын енгізу мәселесін талқылаған.
Сынақ үшін компания қалаға RSD6000 атты тасымалды құрылғы ұсынған. Ол Алматының әртүрлі ауданындағы жолдарға орнатылады.
Өлшеу жұмыстары екі апта ішінде 12 күн бойы жүргізіледі. Құрылғы күн сайын басқа орынға қойылады. Осылайша мамандар жүйенің көлік қозғалысы әртүрлі жолдардағы тиімділігін тексереді. OPUS компаниясының өкілі жабдықтың жұмысын бақылап, оны калибрлеуге және алынған деректерді тексеруге көмектеседі.
Сынақ аяқталған соң мамандар автокөліктерден бөлінетін зиянды шығарындылардың деңгейін талдайды. Сондай-ақ көрсеткіштерді халықаралық деректермен салыстырып, қоршаған ортаны көбірек ластайтын көліктерді анықтау өлшемдерін әзірлейді.
Бұдан бөлек, жүйені тұрақты бақылау құралы ретінде орнатуға болатын орындар да анықталады.
Пилоттық жобаның нәтижесі жаңа технологияның тиімділігін және оны Алматыдағы автокөліктердің экологиялық жағдайын бақылау үшін қолдану мүмкіндігін бағалауға көмектеседі.
Айта кетейік, әзірге жоба тек зерттеу мақсатында жүргізіліп жатыр.