Алматыда ауа сапасы мәселесін шешуге арналған қоғамдық қор құрылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Берік Қалиев пен Алексей Ли есімді кәсіпкерлер қаладағы ауа сапасы мәселесін шешуге арналған "AAirVision.kz" қоғамдық қор құрғандарын мәлімдеді.

Қор құрылтайшылары алдағы бірнеше жылда Алматы қаласының ауасын тазартқысы келетіндерін айтады.

Бәріміз Алматы қаласында тұрамыз және әр күн сайын лас ауамен тыныс алып жатырмыз. Қаланың ауасын тазарту үшін осы қорды құрдық. Қор барлық құрымдылық күштерді, қоғам белсенділерін, инженер, ғалым, экологтар, экология мәселесі бойынша сарапшылардың басын қоса отырып осы мәселенің шешімін табатын болады. Біздің ұстанымымыз нақты істер, бар жұмысты байыппен атқару және әкімдікпен бірлесе осы бағытта тиімді жұмыс істеу, - дейді кәсіпкер Берік Қаниев. 

Сонымен қатар, ол қазір Алматы әкімі де қала қауіпсіздігі мен таза қала үшін көп көңіл бөліп отырғанын, айта келе бұл қор халық пен әкімдікті тарта отырып жұмыс атқаратынын жеткізді. 

Мен қаланың тұрақты даму комитетінің мүшесімін, өткен аптада әкімдікпен бірлесіп осы бағытта стратегия әзірледік. Өте қызу пікірталас болды. Нәтижесінде сарапшылар мен экологтардың басын қосатын осындай қордың қажеттігін түсіндік, яғни әлемдегі тиімді тәжірибелерді саралап, қажеттісін өзімізге енгіземіз. Алдағы уақытта халықты экологияны аялауға, оны сақтауға шақыратын фильмдер түсіргіміз келеді. Жалпы қоғамды айналаға қамқорлықпен қарауға үйретуіміз керек, - дейді ол. 

Қор құрылтайшыларының айтуынша, Алматы ауасының ластану мәселесін шешудегі алғашқы қадам – заманауи мониторингтеу жүйесін құру. Ол жүйеден келіп түскен мәлімет барынша толық, дұрыс болуы тиіс. 

Бүгінде Алматыда ауа сапасын мониторингтейтін толыққанды жүйе жоқ. Барлық мәлімет әр түрлі, олар жеткіліксіз. Ол аздай, мемлекеттік органдардан келетін ақпаратқа қоғамдық белсенділер сенбейді, ал белсенділердің мәліметіне мемлекеттік органдар сенбейді. Шиеленіскен бұл жағдайды шешу үшін, біз азаматтық және мемлекеттік сектордағы серіктерімізбен бірге бірегей жүйе құруға дайынбыз. Ол жүйеден түскен тұжырымдамалар барлық мүделлі тараптар үшін заңды болады. Мұндай мониторингтеу жүйесі пайда болмайынша, ауаны бәрінен де жылу электр станциясы ма, автокөліктер немесе жекеменшік сектор ластандырып тұрғаны жөнінде дау-тартыс өрши береді, - дейді қор құрылтайшысы, кәсіпкер Алексей Ли.

Эколог-зерттеуші, ғылым докторы Айымгүл Керімрай  ауаның ластану көздерін анықтау  әдістемелері екіге бөлінетінін айтады.

Есептеу тәсілі (ластаушы заттарды түгендеу) және істәжірибелік тәсіл (РМ2.5 сынамасын алып, құрамын сараптау). Біз осы екі ұсақ бөлшекті алып, арнайы құрылғыдан өткіземіз, сөйтіп ауаны жылу электр орталықтары, көлік немесе пеш түтіні көбірек ластап жатқанын айғақтайтын нақты дәлел аламыз. Мұндай зерттеуді Қазақстанда әлі ешкім жасаған емес, - дейді эколог. 

Эколог қала ауасы үнемі тексеріліп отыратынын айтады. Ал мониторингтік жұмыстар арнайы құрылғылар келісімен, яғни осы жылдың күзінде жұмыс істей бастайды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы