31 Тамыз 2026, 15:47 Фото: Алматы әкімдігінен

Алматыда ауа ластайтын көліктер қатаң бақылауға алынады

1 қыркүйектен бастап Алматыда көліктердің зиянды шығарындылары жеке тексеріледі. Жаңа талаптың жүргізушілерге әсері қандай?

Алматыда автокөліктерден шығатын зиянды заттарды бақылау күшейтіледі. 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап қалада көліктердің қоршаған ортаға әсерін анықтайтын жаңа тексеру тәртібі енгізіледі. Бұл туралы Алматы қаласы Экология және қоршаған орта басқармасы басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереев пен «Алматы паркинг» кәсіпорнының LEZ жобасы бойынша үйлестірушісі Дулат Маратов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Жыл басынан бері мыңдаған көлік тексерілді

Аршат Бахтыгереевтің айтуынша, 2025 жылдың 30 желтоқсанында Алматы мәслихаты атмосфералық ауаны қорғау ережелерін бекіткен. Құжатта ауаны ластайтын негізгі көздерге қойылатын талаптар белгіленіп, көлік шығарындыларын азайтуға ерекше назар аударылған.

Қазірдің өзінде қалада автокөліктердің шығарындыларын бақылау жүйесі жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері жылжымалы экологиялық зертханалар 2,5 мыңнан астам көлікті тексеріп, олардың 70-тен астамынан рұқсат етілген нормадан жоғары көрсеткіштер анықтаған.

Сондай-ақ 19 экологиялық бақылау бекетінде 130 мыңнан астам көлік тексерілген. Нәтижесінде бірқатар көліктен белгіленген талаптардың бұзылғаны тіркелген.

Қала орталығында арнайы экологиялық аймақ жұмыс істеп жатыр

Биыл 28 сәуірде Алматыда төмен шығарындылар аймағы (LEZ) пилоттық жоба ретінде іске қосылды. Жоба Бөгенбай батыр көшесі, Абай даңғылы, Желтоқсан көшесі және Достық даңғылының аралығындағы аумақты қамтиды.

Әзірге бұл аймақта жүргізушілер үшін төлем енгізілген жоқ, айыппұл салынбайды және көлік қозғалысына шектеу қойылмаған. Қала билігі қазіргі кезеңде жүйенің техникалық тетіктерін сынақтан өткізіп, деректер алмасу механизмдерін пысықтап жатқанын айтты. Пилоттық жоба аясында 130-дан астам жол белгісі орнатылып, 15 көшеге арнайы жолақтар мен белгілер сызылған.

Жаңа тексеру техникалық байқауға жатпайды

Дулат Маратовтың сөзінше, 1 қыркүйектен бастап көліктер үшін экологиялық көрсеткіштерді анықтайтын жеке тексеру рәсімі енгізіледі. Бұл тексеру техникалық байқаудан бөлек жүргізіледі. Өйткені техникалық байқау көліктің жалпы жарамдылығын анықтаса, жаңа рәсім оның ауаға қаншалықты зиянды зат шығаратынын бағалауға бағытталған.

Бензин және газбен жүретін көліктерде көміртек тотығы мен көмірсутектердің мөлшері өлшенеді. Ал дизельді көліктердің түтін шығару деңгейі тексеріледі.

Тексеруден өтпеген көліктерге не болады?

Жаңа тәртіп бойынша техникалық байқаудан өтетін көліктер қосымша экологиялық тексеруден де өтуі қажет болады. Алайда көлік иесі бұл рәсімді алдын ала орындаса, оның нәтижесі келесі жоспарлы мерзімге дейін жарамды болып есептеледі.

Қала әкімдігі бұл бастама Алматыдағы ауаның сапасын жақсартуға және көліктерден шығатын зиянды қалдықтарды азайтуға мүмкіндік береді деп отыр. Сонымен қатар қоғамдық көлікті жаңарту, автобус парктерін экологиялық талаптарға бейімдеу және өзге де ластау көздерін бақылау жұмыстары жалғасады.