Алматыда әскери оқу орындарының бірінші курс курсанттары әскери ант берді
Құрлық әскерлері Әскери институты мен Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанттары үшін жаңа оқу жылы Отанға адал болуға ант беруден басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Салтанатты рәсімдер барысында әскери жоғары оқу орындарының 360-тан астам бірінші курс курсанты әскери ант берді.
Әрбір әскери қызметші үшін ант беру – болашақ офицерлер ерекше жауапкершілікпен қарайтын ерекше сәт. Әскери қызметшілердің жас буынын қолдауға және салтанатты іс-шараларға гарнизонның әскер түрлері мен әскери бөлімдерінің қолбасшылығы, жергілікті атқарушы органдар мен жұртшылық өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері мен интернационалист-жауынгерлер, сондай-ақ бірінші курс курсанттарының туыстары мен жақындары келді.
28 гвардиялық-панфиловшылар атындағы саябақта 246 курсант Отанға адал болуға ант берді. Олардың 226-сы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтында оқудан өтеді, ал 20-сы шетелдік жоғары оқу орындарына оқуға жіберіледі.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында 120-дан астам курсант әскери ант берді.
Бірінші курс курсанттарына арнаған сөзінде Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы полковник Қайрат Дәуітов әскери ант әрбір әскери қызметшіні ең алдымен Қазақстан халқына, оның заңды сайланған Президентіне адал болуға, елдің Конституциясы мен заңдарын қастерлеуге міндеттейтінін атап өтті.
Нағыз Отан қорғаушылар қатарына кіре отырып, сіздер әскери істі адал зерделеуге міндет аласыздар. Бұл Қарулы күштердің жауынгерлік қабілетін қолдаудың негізі болып табылады. Әскери ант сіздерден қырағы болуды, әскери және мемлекеттік құпияны қатаң сақтауды талап етеді. Сіздердің әрқайсыларыңыз біздің елімізді қорғауда әскери борышын лайықты әрі батыл орындайтындықтарыңа сенімдімін, - деп атап өтті әскери оқу орнының бастығы.
Ант бергенге дейін барлық бірінші курс курсанттары бір ай бойы жас жауынгер курсынан сәтті өтіп, атыс, саптық және дене шынықтыру даярлығының негіздерін меңгеріп, жалпыәскери жарғылардың негізгі ережелерін зерделегенін атап өткен жөн.