5 Қазан 2026, 12:26 Фото: Threads

Алматыда асфальт опырылып, автобус қозғала алмай қалды

Әлеуметтік желіде Алматыдағы Төле би көшесінде жол опырылып, жолаушылар автобусының дөңгелегі шұңқырға түсіп кеткен сәт түсірілген фото тарады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кадрлардан автобус жол жиегіндегі опырылған аумақта тұрып қалғанын көруге болады. Оқиға нөсер жаңбырдан кейін болғаны айтылды.

Аталған жағдайға қатысты Алматының Алмалы ауданының әкімдігі пікір білдірді.

Әкімдік мәліметінше, қазіргі уақытта Төле би көшесінде жеңіл рельсті көлік (LRT) желісі құрылысының бірінші кезеңі жүзеге асырылып жатыр. Жобаға Қалалық мобильділік басқармасы тапсырыс берген.

Құрылыс жұмыстары барысында жолдың кейбір бөліктерінде опырылу фактілері пайда болды. Жауапты мамандар мен арнайы техника оқиға орнына жіберілді. Қазір көлік құралын шығару және салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады әкімдіктен.

Қала билігі жағдай бақылауда екенін және мәселені жою бойынша қажетті жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Алматының қай көшелерінде жөндеу жұмыстары жүріп жатқанына шолу жасаған едік. 

Сондай-ақ, Алматы тұрғыны қазылған жолдың кесірінен көзінен айырылып қала жаздағанын жаздық.