Алматыда асфальт опырылды: Компания аккредитациясынан айырылды
Яссауи мен Дастан көшелерінің қиылысында асфальт опырылғаннан кейін Алматы қаласының қалалық жоспарлау бақылау басқармасы Достық шағын ауданындағы инженерлік желілер құрылысы нысаны бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
“Техникалық қадағалау қызметін жүзеге асырған “Алатау сапа құрылыс” ЖШС тарапынан тиісті бақылау жүргізілмегені үшін әкімшілік шаралар қолданылды. Тексеру нәтижесінде техникалық қадағалау компаниясы осы қызмет түрімен айналысу құқығын беретін аккредитация куәлігінен айырылды. Сонымен қатар жобалық шешімдерден ауытқу және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормаларды сақтамау фактілері үшін мердігер ұйым – “Спецкоммунстрой” ЖШС-не қатысты да әкімшілік шаралар қабылданып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді, – деп хабарлады қала әкімдігі.
Қалалық жоспарлау бақылау басқармасының мәліметінше, қала әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасы бойынша Алматыда құрылыс-монтаж жұмыстарына бақылау күшейтілген.
Бұған дейін Әбіш Кекілбайұлы көшесінде көше кәріз жүйесін қайта жаңарту жұмыстарын жүргізген “AsiaMax” құрылыс компаниясының лицензиясынан айырылды.