Алматыда Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтті

Бүгін Алматының Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында қазақ өнерінің абызы, аңызға айналған актер Асанәлі Әшімовпен қоштасу рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Марқұмның туған-туыстары, достары, әріптестері және оның шығармашылығын қадір тұтқан мыңдаған азамат қазақ өнерінің дара тұлғасына құрмет көрсетті.

Қоштасу рәсіміне Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева және Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды қатысты.


Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атынан көңіл айту жеделхатын оқып, Асанәлі Әшімовтің бүкіл ғұмырын театр мен кино өнеріне арнағанын, қазақ өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, көптеген жарқын әрі есте қаларлық бейнелерді сомдағанын атап өтті.

Асанәлі Әшімов бүкіл ғұмырын театр мен кино өнеріне арнап, ұлттық мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол сахнада да, экранда да көптеген жарқын бейнелерді шебер сомдап, көрерменнің шынайы сүйіспеншілігі мен құрметіне бөленді. Сахна өнерінің көрнекті шебері әрі кәсіби кинематограф ретінде ол өшпес із қалдырды. Жас өнер қайраткерлеріне бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсету арқылы рухани сабақтастықтың сақталуына зор үлес қосты. Биік өнерді абыроймен арқалап, мағыналы да жасампаз ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады, – деді Ерлан Қарин.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды Асанәлі Әшімовтің дүниеден өтуі ел мәдениеті үшін орны толмас қаза екенін айтты. Оның сөзінше, өнер иесі қаланың қоғамдық және мәдени өміріне белсенді атсалысып, қазақ өнерін дамытуға және ұлттық театр мектебін қалыптастыруға елеулі үлес қосты.


Асанәлі Әшімов 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Оның есімі мен шығармашылық мұрасы қазақ мәдениетінің тарихында мәңгі сақталады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Алматы әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы