Алматыда арық тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр
Алматыда биыл жауын көп жауды. Қала әкімдігі арық желілері мен өткелдерін тазарту жұмыстарын қарқынды жүзеге асырып жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Бүгінге дейін Алматының барлық аудан әкімдіктерінің мердігерлік кәсіпорындары жалпы ұзындығы 1145,7 шақырым арық желілері мен өткелдерін тазартты. Бітеліп қалған су өткізу құбырларының саңылаулары тазарды. Күнделікті тазалық жұмыстарына 300-ден астам жол жұмысшысы жұмылдырылған.
Алматының құзырлы мекемелері қала көшелерін еріген және тасқын сулардың өтуіне дайындау жұмыстарына білек сыбана кірісіп жүр. Қалада жауын-шашын кезінде үнемі су басып қалатын учаскелерге талдау жүргізді. Нәтижесінде барлығы 102 аймақ анықталды. Оның 56-сы жойылған. Жауапты мамандар қалған 46 мекенжай бойынша жобалық-сметалық құжаттарды дайындап жатыр. Жұмыс жыл соңына дейін аяқталмақ, – деді Экология департаментінің баспасөз хатшысы Әділ Нұрпейісов.
Алматыда 2018 жылы суағарларға алғаш рет түгендеу жұмыстары жүргізілген. Зерттелген арықтардың әр метрі ГАЖ жүйесінде көрсетілген. Онда интерактивті картаның көмегімен Алматыдағы арықтардың жай-күйі, орналасуы бойынша өзекті деректермен танысуға болады. Қай көшеде, жолдың қай жағында, бағыты мен теңгерімінде арық бар, оның ені, ұзындығы және басқа да сипаттамалары көрсетілген.
Қаладағы арық желілері қоқысқа толып, су бітеліп жатады. Бұл кезде коммуналдық қызметкерлер қиналып жатады. Осы ретте, жауапсыз қала тұрғындары қоқыстарды арыққа тастайды. Соның әсерінен жауын-шашын кезінде қолайсыздық орын алып жатады. Бүгінде барлық коммуналдық қызметкерлері жұмылдырылып, қаланы су басудан қорғау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Алматы тұрғындары мен қонақтарына айтарым, қаланы таза ұстайық, қоқысты көрінген жерге лақтырмай, қоқыс жәшігіне тастасаңыздар. Осы арқылы қаламызды көптеген қауіптен сақтап қаламыз, – дейді Әділ Нурпеисов.
Жауын-шашынның салдары қалаға кейіннен қосылған шеткі аудандарда жол мәселесін қиындатып отыр. Тұрғындар ол туралы әлеуметтік желілерде жазып та, көшедегі қозғалыстың қиындағаны туралы суреттерін жүктеп те жатыр.
Әлбетте, оның барлығы көшелерінде суағарлар болмағандықтан, шалшыққа айналып жатыр. Жолдардың ми батпағы шығып жатқаны да сондықтан. Бұл жағдайды қала билігі назардан тыс қалдырып отырған жоқ. Барлығы бақылауда. Айтуларынша, күн жылынып, жер құрғаған сәтте ең бірінші қолға алынатын шаруалардың басында осы жол мәселесі тұр.