Бүгiн 2026, 15:16 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Алматыда Арнайы ХҚКО-ның 5 қызметкері сотталды

Олар жүк көліктерін заңсыз тіркегені үшін бас бостандықтарынан айырылды.

Арнайы прокурорлар Алматы қаласының Арнайы ХҚКО қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Нәтижесінде бес қызметкер жүк көліктерін заңсыз тіркегені үшін сотталды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Тергеу нәтижесінде 2023 жылы Арнайы ХҚКО-ның 5 қызметкері 18 жүк көлігін жалған құжаттар бойынша заңсыз тіркеп, олардың нақты шығарылған жылын бұрмалағаны анықталды, - деп хабарлады Алматы қаласы прокуратурасы.

Құқыққа қарсы әрекеттердің нәтижесінде көлік құралдарын бастапқы тіркегені үшін алым ретінде көзделген 164 млн теңге мемлекеттік бюджетке толық түспеді.
 
Кешенді жүргізілген тергеу әрекеттері мен сот сараптамаларының нәтижесі айыпталушылардың құқыққа қарсы әрекеттерін толығымен растады.
 
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында мемлекетке келтірілген шығын толық көлемде өтелді.
 
Соттың үкімімен сотталушылар кінәлі деп танылып, әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айыруға сотталған.

Еске салсақ, бұған дейін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жүргізуші куәлігі үшін пара алып, емтиханнан өткізіп беретіндерді ұстаған еді.