Алматыда Армения-Әзербайжан келіссөздері басталды

Алматы қаласында Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов пен Армения Сыртық істер министрі Арарат Мирзоян арасында келіссөздер өтіп жатыр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Әзербайжан Республикасының Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамовпен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар қазақ-әзербайжан стратегиялық әріптестігі мен одақтастығын одан әрі нығайту мәселелерін талқылады, сондай-ақ өңірдегі ағымдағы ахуал бойынша пікір алмасты.

Алматыда талай тарихи шешімдер қабылданған. Олардың бірі – 1991 жылы бұрынғы кеңестік республикалар арасында қабылданған «Алматы декларациясы». Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Республикасы мен Армения Республикасы арасында келіссөздерді осында өткізу туралы ұсыныс жасады. Келіссөздердің бұл кезеңі Оңтүстік Кавказда тұрақтылық пен бейбітшіліктің орнауына әсер етеді деп сенеміз. Әзербайжан мен Армения біз үшін жақын мемлекеттер ғана емес, маңызды стратегиялық серіктестеріміз. Біздің мемлекеттерімізді талай ғасырлар бойы достық қарым-қатынас пен ортақ тарихи өткеніміз байланыстырады, – деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу.

Джейхун Байрамов қазақстандық тарапқа Әзербайжан мен Армения арасындағы екіжақты бейбітшілік процесін ілгерілету бағытындағы қолдауы мен белсенділігі үшін алғыс айтты.

Соңғы келіссөздерден кейін екі тарап арасында хаттама толтырылды. Бұл хаттама негізінде аймақты минадан тазарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Географиялық координаттар нақтыланып, шекаралық тіректерді қою жұмыстары аяқталып қалды. Бүгінгі процесске біз үлкен көңіл бөліп отырмыз. Алматыда келіссөздер де нәтижелі болатынына сенемін, – Джейхун Байрамов.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы