Алматыда ардагерлер алаңы салынып жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі Әсет Масабаев онлайн брифинг барысында айтты.

Оның айтуынша, Алатау ықшам ауданындағы бұл алаң бірнеше жыл бос тұрған, бизнес өкілдері жұмыс жүргіземіз деп уәде беріп, ештеңе атқармаған.

Халық тарапынан осы бос тұрған жерге Ардагерлер алаңын салу жөнінде ұсыныс болды. Қазір онда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, алдағы бір аптада пайдалануға беріледі, - деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, ол аудандағы 18 алаңқай бойынша күрделі жұмыс жүріп жатқанын және ол 22 қарашаға қарай аяқталатынын айтып өтті.

Медеу ауданында 784 көппәтерлі тұрғын үй және 536 аула бар. Соңғы 4 жылда 130 мыңнан астам тұрғынды қамтитын 336 аулада күрделі жөндеу жүргізілді. Биыл 12 мыңға жуық тұрғынды қамтитын 18 аулада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 15 мың тұрғынды қамтитын 22 ауланы жөндеу жоспарланған, - дейді ол.

Оның сөзінше, ауданды жарықтандыру бойынша да қордаланған мәселелер жетерлік.

Ауданда 273 көше жарықсыз отыр. Бұл бойынша қаланың Энергетика басқармасы тарапынан жұмыстар басталған, алайда Төтенше жағдай мен логдаунға байланысты тежеліп қалды. Көшені жарықтандыру алдағы жылдың наурызынан басталып жазға дейін толық аяқталады деп жоспарлап отырмыз, - деді Масабаев.

Сөз арасында ол, Алматы қалалық мобильділік басқармасы 2020 жылға ұзындығы 21 км болатын 23 көшені орташа жөндеу тізіміне бекіткенін айтты. 

Оның ішінде жөндеу жүргізіліп жатқан 5 көше қалды. Олар Медеу-Шымбұлақ тас жолы, Маметова, Радлов, Жамақаев және Байшева көшелері. Шұңқырларды жамау жұмыстары 90 көшеде жүргізілді, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы