Алматыда жобалық офис іске қосылды

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасының базасында өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға арналған жобалық кеңсе ашылды.

«Наурыз айында «Жобалық кеңсе» ұйымдастырылған еді. Бұл жеңілдікті несие беретін бағдарлама. Жобаның басты мақсаты – кәсіпкерлерді жеңілдігі бар несиені алуда сүйемелдеу. Жобаларды қаржыландыру механизміне сәйкес қарыз беру мерзімі 7 жыл, соңғы қарыз алушылар үшін сыйақы мөлшерлемесі «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында субсидиялау арқылы 8% құрайды. Қаржыландыруды алу үшін кәсіпкер банке өтініш жіберу керек, қажетті бағалау мен бекіту рәсімінен өтеді, сондай-ақ «Даму» қорымен байланыс орнатуға міндетті»,-дейді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Бағдат Телебай.

Сонымен қатар ол, Алматы қаласының кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы өңірлік жоба бюросының құрылымына «Даму» АҚ өңірлік филиалы, Қазақстанның қаржыгерлер қауымдастығы, екінші деңгейлі банктердің басшылары кіргенін айтып өтті. Өңірлік жобалық кеңсенің төрағасы болып Бағдат Телебай тағайындалған.
Жиын барысында мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан үкіметі «қарапайым заттардың» экономикасын қаржыландыру үшін 600 млрд теңге бөлгендігі де айтылды. 

Жеңілдікті несиелер тамақ, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру және ауыл шаруашылығы саласындағы жобаларға беріледі. Бағдарлама бойынша 2025 жылға қарай тауарлардың 365 түрін өндіруді 2,4 есеге көбейтуге, сондай-ақ импорт үлесін 37% -ға дейін азайту көзделіп отыр.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы