Алматыда Ақселеу Сейдімбекке ескерткіш тақта орнатылды
Алматыда көрнекті жазушы, ағартушы-ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақселеу Сейдімбек тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Ескерткіш-тақтаны салтанатты түрде мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы-драматург Кәдірбек Сегізбаев пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев ашты.
Ақселеу Сланұлының мемориалдық тақтасын ашу мен үшін үлкен мәртебе. Бұл кісінің көзін көрдім, ақылын тыңдадым, ақ дастарханда бірге дәмдес болдық. Ақселеу ағамыз нағыз қазақи болмыстың білгірі еді. Қазақтың салт-дәстүрін, сөз саптауын жіктеп отыратын. Өзі де сол нақышта өмір сүрді. Қай кітабын алып оқысаңыз да құмарланып, құдды бір ата-бабаларымыздың өмір салтын кешкендей боласың. Бұл тақта жазушымызға деген құрметтің кішкентай ғана бөлшегі, – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.
Қаламгер бұл үйде 1987–1999 жылдар аралығында тұрған. Мемориалдық тақта орнатылған жазушының өзі тұрған үйге орнатылды.