7 Қараша 2026, 01:38 Фото: pixabay

Алматыда антибиотиктен кейін көз жұмған жасөспірімнің өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Қазіргі уақытта жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр.

Алматыда антибиотикке сынама жасау кезінде жағдайы күрт нашарлаған 14 жастағы жасөспірім ауруханада жеті күннен кейін көз жұмды. Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

«Седьмой канал» ақпаратынша, жасөспірім 21 қазанда ата-анасымен бірге Алматы қаласындағы емханалардың біріне барған. Анасының айтуынша, инфекционист дәрігер балаға антибиотик тағайындап, препаратты енгізер алдында сынама жасауды ұсынған.

Алайда медициналық процедурадан кейін баланың жағдайы күрт нашарлаған. Оның жүрегі айнып, денесі шаншып, кейін құрысу белгілері байқалған. Жасөспірім есінен танып, жедел медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілген. Дәрігерлер оны өкпені жасанды желдету аппаратына қосқанымен, жеті күннен кейін баланың өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.

Марқұмның ата-анасы медициналық процедураның қаншалықты дұрыс жүргізілгенін, препараттың қандай мөлшерде енгізілгенін және медицина қызметкерлерінің әрекеттерін тексеруді талап етіп, полицияға арызданған.

Алматы қаласы полиция департаментінің мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Бұл дерек бойынша Алматы қаласы полиция департаментінің Тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қажетті сараптамалардың барлығы тағайындалды. Олардың нәтижесі бойынша қылмыстық іс аясында тиісті процестік шешім қабылданады, – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы тексеру аяқталғаннан кейін оқиғаға қатысты толық ақпарат берілетінін хабарлады.

Қазіргі уақытта жасөспірімнің өліміне қатысты тергеу жалғасып жатыр. Өлімнің нақты себебі мен медициналық қызметкерлердің әрекеттеріне құқықтық баға сараптама нәтижелерінен кейін беріледі.