26 Қазан 2026, 21:49 Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Алматыда Әміре Қашаубаев атындағы дәстүрлі ән байқауы басталды

Байқауға барлығы 41 өтінім түскен.

26 қазанда Алматыда Әміре Қашаубаев атындағы республикалық дәстүрлі ән орындаушылар байқауының ашылу салтанаты мен алғашқы кезеңі өтті. Байқауды Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы ұйымдастырды.

Байқаудың мақсаты – Әміре Қашаубаевтың шығармашылық мұрасын дәріптеу, дәстүрлі ән өнерін дамыту және жас орындаушыларды қолдау. Сонымен қатар Біржан сал, Ақан сері, Естай, Мұхит сынды халық композиторларының ән мұрасын жаңғыртуға басымдық берілген.

Байқауға барлығы 41 өтінім түскен. Іріктеу нәтижесінде 20-35 жас аралығындағы 22 әнші республикалық кезеңге жолдама алды. Қатысушылардың сахнаға шығу реті жеребе арқылы анықталды.

Байқау екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңде әншілер орындаушылық шеберлігін, өзіндік ән айту мәнерін және дәстүрлі ән мектептерінің ерекшеліктерін меңгеру деңгейін көрсетеді.

Қатысушылардың өнерін белгілі әншілер мен бейінді оқу орындарының оқытушыларынан құралған қазылар алқасы бағалайды. Оның құрамында Жақсыкелді Кемалов, Қайрат Кәкімов, Нұржан Жанпейісов, Шолпан Даржан және Гүлмира Сарина бар.

Байқау 27 қазанда қорытындыланады. Сағат 19:00-де жабылу салтанаты өтіп, жеңімпаздар марапатталады.