Алматыда алты күнде 81 мас жүргізуші ұсталды
Полиция өкілдері мұндай құқық бұзушылықтардың ауыр жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі екенін атап өтті.
Алматы қаласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу деректерін анықтауға бағытталған республикалық «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда.
Алматы полициясының мәліметінше, рейдтің алғашқы алты күнінде 4 800-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркелген. Оның ішінде азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылықтар да анықталды.
Атап айтқанда, 81 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарғаны үшін, ал 47 жүргізуші қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шыққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция өкілдері мұндай құқық бұзушылықтардың ауыр жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі екенін атап өтті. Сондықтан жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары күшейтілген режимде жалғасады.
Құқық қорғау органдары жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырып, жолдағы қауіпсіздік әрбір азаматтың жауапкершілігіне де байланысты екенін еске салды.