Алматыда "Almaty Student's Week" фестивалі басталды
Алматыда халықаралық студенттер күніне арналған ауқымды "Almaty Student's Week" фестивалі басталды, деп хабарлайды BAQ.KZ мегаполис әкімдігіне сілтеме жасап.
Іс-шара Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының қолдауымен өтуде, оның басты мақсаты – студенттердің қала өміріне белсенді қатысуын қамтамасыз етіп, жас көшбасшыларды анықтау.
11-17 қараша аралығында фестиваль аясында студенттерге арналған 30-ға жуық әртүрлі іс-шаралар өтеді. «Almaty Student's Week» фестиваліне қатысатын әрбір студент өз таланты мен көшбасшылық қасиеттерін көрсете алады. Сондай-ақ, жастарға басқа оқу орындарының студенттерімен байланыс орнатуға мүмкіндік беріп, жоғары оқу орындары арасындағы өзара ынтымақтастықты дамытуға септігін тигізеді.
Фестиваль іс-шаралары студенттерге тәжірибе, идеялар және білім алмасуға арналған алаңдар ашып, болашақ бірлескен жобалар мен бастамалардың негізін қалайды. Бұл – студенттердің зияткерлік, спорттық, мәдени және қоғамдық салаларда өзін көрсетіп, өз дағдыларын нығайтып, өзін дамытуға бірегей мүмкіндік.
"Almaty Student's Week" фестивалінің маңызды бөлігі – жастардың патриоттық рухын көтеру, бірлігін нығайту және қазіргі заманғы сын-қатерлерге дайын әлеуметтік белсенді және біртұтас студенттік қауымдастық құру.
Айта кетейік, Алматыда 35 жоғары оқу орнында 199 мыңнан астам студент білім алады, олардың 124 мыңнан астамы басқа өңірлерден келген.