Алматыда әліпбиді бірізділендіру мәселесі талқыланды

Алматыда «Ортақ түркі әліпбиінің интеграциялық рөлі: ғылыми және әлеуметтік қырлары» атты халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Алқалы жиынды Түркі Академиясы Түркі мемлекеттері ұйымы хатшылығының қолдауымен және Ататүрік атындағы Мәдениет, тіл және тарих Жоғарғы Кеңесімен, Түрік тілі қоғамымен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен бірлесіп ұйымдастырды.

Конференцияға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан елдерінің белгілі тіл мамандары мен жетекші ғылыми ұйымдарының сарапшылары, сондай-ақ, Әзербайжан және Қазақстан Парламенттерінің депутаттары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, дипломатия миссия өкілдері қатысты.

Конференция алдында қонақтар Әл-Фараби мұражайын, кітапхананың оқу залын, БҰҰ жаһандық хабы залын, «Ұлы даланың жеті қыры» экспозициясын және ғылыми жетістіктер көрмесін тамашалады.

Конференция барысында түркі әліпбиінің ортақ стандартын әзірлеу жұмыстары және оның интеграциялық рөлі талқыланып, қатысушы елдердің мемлекеттік тіл саясаты жөнінде ой-пікірлер ортаға салынды. Сондай-ақ әліпбидегі бірлікке жетудің мүмкіндіктері мен алдағы қадамдар айқындалды.

Конференцияны құттықтау сөзбен ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басқарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаев түркі әліпбиінің тарихы мен даму тарихын қоғамдық-гуманитарлық бағытта зерттеу мәдени мұраны сақтаудағы өзекті мәселе екенін атап өтті.

Өз кезегінде Мәлік Отарбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді. Президент кеңесшісі биыл 3 қарашада Астанада ТМҰ мемлекет басшыларының кезекті Саммиті өтетінін атап өтіп, бауырлас елдердің бастамасымен қабылданған «Түркі әлемінің келешегі–2040» бағдарламасының бауырластық байланыстарды нығайтуға айрықша септігін тигізерін жеткізді.

Өз сөзінде доктор, профессор Дерья Өрс басқосуға арқау болған мәселелердің өзектілігіне тоқталып, Түркі мемлекеттері ұйымының ортақ әліпбиге деген назары артып келе жатқанын айтты. Ол әліпбиді біріздендіру нәтижесінде біз бір-бірімізді бұрынғыдан да жақынырақ түсініп, тереңірек танитын боламыз деп санайтынын білдірді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Түркі Академиясынан
Өзгелердің жаңалығы