Алматыда Әлихан Бөкейханның 155 жылдығына арналған жиын өтті
Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда ұлт көсемі, мемлекет қайраткері, Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханның 155 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел өтті.
5 наурыз Әлихан Бөкейханның туған күні. Ол XX ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының көшбасшысы. Ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі тұлғасы, тарихшы, этнограф, әдебиеттанушы, аудармашы, әрі публицист ретінде қазақ халқының саяси әлеуметтік, мәдени рухани тарихында өшпестей із қалдырған ұлы тұлға.
Аталған іс-шара Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Ұлттық кітапхана ұйымдастырған.
Кітапхананың көрме бөлімінің маманы Жадыра Әмірова бүгінгі көрмеге сирек қордағы кітап, журналдар қойылғанын айтады.
Іс-шараның мақсаты - Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның кейінгі ұрпаққа қалдырған ғылыми-публицистикалық мұрасын тәуелсіздік жылдарындағы жарияланған тың мәліметтер негізінде зерделеу.Көрмеге кітапхана қорындағы Әлихан Бөкейхан жазған және оған қатысты бірнеше кітап қойылды. Оның ішінде 1901 жылдан бергі сирек кітап қорындағы кітаптар мен дерек қорынан 60-қа жуық материал қойылды. 20-ғасырдың басында Алаш орда өкілдері әйел теңсіздігін көтеріп, көп материал жариялаған, сол деректерді де көрмеден көруге болады, - дейді ол.
XX ғасырдың басында құрылған «Алаш» партиясының Қазақстан тарихында алатын орны мен негізгі идеясына талдау жасау. «Алаш» партиясы, Алашорда үкіметі, Алаш автономиясының қоғамдағы рөлін саяси-танымдық тұрғыдан бағамдау, - дейді ұйымдастырушылар.
Шара аясында Ұлттық кітапхана қорынан және Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар қорынан Ә.Бөкейханның өмірі мен қызметіне, шығармашылығына арналған «Ұлттың ұлы көсемі» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.