Алматыда алғаш рет жүрекке бірегей ота жасалды
Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында еліміз бойынша алғаш рет Farapulse Ablation жаңа технологиясын қолдана отырып жүрекке күрделі операция жасалды. Емшараны институттың интервенциялық аритмологтары Загреб университеттік клиникасының жетекші кардиологы Ведран Велагичтің қатысуымен өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Институт басқарма төрағасы Рүстем Төлеутаев бұл жаңашылдықты былайша түсіндірді.
Алматыда Farapulse Ablation әдісін енгізу – нағыз серпіліс. Бұл біздің дәрігерлерге әлемдік медицинаның үздік жетістіктерін қолдануға, аритмияны емдеу сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті.
Аритмология бөлімінің аға резиденті Асылхан Паримбеков түсіндіргендей, Farapulse Ablation – жүрекше фибрилляциясын емдеудің революциялық әдісі. Ол радиожиілік немесе криоабляцияға қарағанда, электр өрісінің қысқа әрі қуатты импульстарын пайдаланады.
Бұл тәсіл ауру жасушаларды нысаналы түрде жояды, ал қоршаған тіндерге зиян келтірмейді. Соның арқасында операция уақыты қысқарып, науқастар тезірек сауығады.
Жүрекше фибрилляциясы – жүрек ырғағының ең жиі кездесетін бұзылыстарының бірі. Ол инсультке алып келетін қан ұйындысының пайда болу қаупін арттырады.
Институтта алғашқы болып 56 жастағы және 68 жастағы екі науқасқа операция жасалды. Екеуі де ауыр қосалқы диагноздармен келген. Емшара сәтті өтіп, пациенттердің жағдайы жақсарғаны хабарланды.
Алдағы күндері 10 операция жасау жоспарланып отыр. Барлық емшаралар МӘМС аясында тегін жүргізілуде.