Алматыда алғаш рет MitraClip жүйесінің көмегімен рентген ота жасалды

Дәрігерлердің көмегіне 72 жасар науқас жүгінген, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.


Отаны Швейцариядан келген профессор Maurizio Taramasso басшылығымен Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының интервенциялық кардиологы Марат Ариповпен бірлесіп жүргізілді. Ота кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында жасалды.

Пациент көп жылдар бойы 200/100 мм дейін жоғары қан қысымынан, митралдық жетіспеушіліктен, жүрекше фибрилляциясынан зардап шеккен. 2 жыл бұрын миокард инфарктына шалдыққан. Жағдайы нашарлаған: демікпенің өршуі, жүрек соғуының жиілеуі, құлақтың шуы, жалпы әлсіздік, тез шаршау. MitraClip - бұл ашық хирургиялық операцияларды көтере алмайтын пациенттер үшін жүрек жұмысын жақсартудың жалғыз мүмкіндігі. Операция наркозбен жүргізіледі. Интервенциялық хирургтер сан тамырлары арқылы катетердің көмегімен рентгенологиялық және УДЗ бақылауымен митралды клапан аумағына жетеді. Құрылғы клапанға бекітіледі, осылайша оларды қысады, қан ағыны қалыпқа келеді. Бұл технология жетекші еуропалық клиникалардағы басқа да аурулары бар және операциядан кейінгі асқынулардың даму қаупінің жоғары болуына байланысты «ашық» операция жасауға жарамайтын пациенттер арасында өзін жақсы дәлелдеді,- деді кардиолог Марат Арипов.

Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында енді бұл миниинвазивтік әдіс институт пациенттеріне де қолжетімді болды. Импланттың қымбат болуына қарамастан, бұл операция тегін жасалады. Мұндай операциядан кейін пациенттер тез сауығып, аз уақытта үйге шығарылады. Қазір науқас өзін жақсы сезінеді. 2020 жылы MitraClip құрылғысы үздік медициналық технология үшін Prix Galien USA сыйлығына (Нобель сыйлығына тең) ие болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты
Өзгелердің жаңалығы