Алматыда әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері таныстырылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы атаулы әлеуметтік көмектің 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жоспарланған жаңа механизмдері туралы айтып берді.
Қазақстан президентінің АӘК- ті төлеу механизмдеріне түзетулер енгізу жөніндегі тапсырмасына орай ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдерін ұсынды.
Бірінші – көпбалалы отбасылар жеке санатқа енгізіледі және оларға кепілдемелі көмек көрсетіледі.
Аталған мемлекеттік көмектің отбасының табысына еш қатысы жоқ әрі кәмелетке толмаған 4 және одан көп балалары бар отбасылардың барлығына беріледі.
Бұл көмектің көлемі бала санына қарай сараланады, әр балаға орта есеппен 10-11 мың теңгеден келеді және көлемі 2018 жылы тоқтатылған осыған ұқсас көмектерден 4-7 есе көп болады.
Екінші – азаматтардың аз қамтылған санатына қолдау көрсетіледі және олар еңбекке тартылады.
АӘК аз қамтылған отбасыларға, оның ішінде көпбалалы отбасыларға да төленеді.
АӘК-тің көлемі жан басына шаққандағы табыс пен күн көріс минимумының 70%-ы арасындағы айырмашылықты құрайды. Сонымен қатар, табысы жоқ отбасылар биылғы жылғыдай көмек алатын болады.
АӘК-тің басты шарттарының бірі - отбасының еңбекке жарамды мүшелері жұмыс істеулері және отбасы үшін жауапкершілікті мойнына алулары тиіс. АӘК шартты ақшалай төлем ретінде "Еңбек" нәтижелі жұмыспен қамту бағдарламасын толық қолдану арқылы төленеді және ол аз қамтылған отбасылардағы жұмыссыз азаматтарға бағытталған.
Мемлекет арқылы субсидия бөлінетін жұмыстар одан әрі жалғасады, олар: жеңілдетілген микронесиелер және бизнес ашу үшін берілетін қайтарылмайтын гранттар.
Егер жұмысқа жарамды отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан бас тартатын болса, онда АӘК отбасыға берілмейді.
Үшінші - АӘК алушылардың барлығына құрамына балаларға нақтылы қолдау көрсету енген кепілдемелі пакет беріледі.
Пакетте келесідей көмек түрлері болады:
- мектеп жасына дейінгі балалар үшін: балалар тағамдары және гигиеналық заттар (323,4 мың балаға 5302 теңгеден).
- мектеп жасындағы балалар үшін: мектепте ыстық тамақ беріледі, мектеп киімі және қажетті заттармен қамтамасыз етіледі, жолақысының шығыны төленеді.