Алматыда Әлем кубогының кезеңі өтеді
Алматыда "Шымбұлақ" тау-шаңғы кешенінде өтетін әлем кубогы кезеңіне орай баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Әлемдік жарыс 8-10 наурыз аралығына өтеді. Аталған бәсекеге Қазақстан командасының көшбашылары түгел қатысады. Сондай-ақ, жас спортшылар да өз бағын сынап көрмек.
Әйелдер арасында Юлия Галышева, Анастасия Городко, Аяулым Әміренова, Юлия Феклистова, Анастасия Ларионова, ал ерлер құрамынан Павел Колмаков, Антон Бондарев, Максим Емельянов, Федор Бугаков, Денис Раструба, Семен Русаков өнер көрсетеді.
Әлемдік жарыс алдында ұйымдастырылған баспасөз конференциясында «Шымбұлақ» ТК бас директоры Ринат Абдрахманов сайыстарға 16 елден халықаралық деңгейдегі 180 спортшы қатысатынын айтты.
Осы жылы Шымбұлақ қатарынан екі мерейтойды атап өтпек: курорттың 70 жылдығынан бөлек, фристайл бойынша әлем кубогы кезеңдерін біздің курортта бесінші рет өткізгелі жатқанымызды да қуана атап өтеміз. Бұл жыл – біз үшін ерекше, біз осындай абыройлы сайыстардың қожайыны болып, спортшылар өз шеберліктерін көрсетіп, жаңа ұрпақты шабыттандыра алуы үшін жағдай жасап жатқанымызды мақтан тұтамыз, - деді ол.
Ал "ҚР Ұлттық Шаңғы Ассоциациясы" бас хатшысы Асқар Валиев жарыста алғаш рет онлайн-төрешілік болатынын атап өтті.
Параллель могулдың олимпиада бағдарламасына енгізілгені қатты қуантады. Бұл жарыс түрі осы жылы Жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында да алғаш рет өткізілді. Бұл – бағыттың дамуына және жас спортшыларға өз таланты мен шеберлігін көрсетуге қосымша мүмкіндік беретін үлкен қадам. Аталмыш сайыс 2026 жылы Миланда өтетін Олимпиада ойындарының бөлігі болғанын асыға күтеміз. Сондай-ақ, осы жылы тарихымызда алғаш рет онлайн-төрешілік болатынын атап өткім келеді. Курортта тек екі халықаралық төреші болады. Бұл қадам – цифрландыруға өтудің және шаралар ұйымдартыруда инновациялар енгізудің бір бөлігі, - деді Асқар Валиев.