Алматыда әлем асханаларының тағам фестивалі өтеді
"Almaty Food Fest" гастрономиялық фестивалі Абай атындағы алаңда ұйымдастырлмақ, хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Алаң бірнеше тақырыптық аумаққа бөлініп, онда кез-келген адам әлем асханаларының түрлі тағамдарынан дәм тата алады. Шараға 10 мыңнан астам адам келеді деп жоспарланып отыр. Іс-шараны ұйымдастырушы – Алматы қаласының Туризм басқармасы.
Almaty Food Fest – Алматының туристер мен нағыз талғампаз гурмандарды тартатынына айқын дәлел бола алады. Бұл іс-шара ұлттық мәдениет пен асханамыздың байлығын көрсетіп, қонақтарға жергілікті салт-дәстүрлер мен мәдени ерекшеліктерді айшықтай түсетін атмосфераны сезіну мүмкіндігін ұсынады. Сондай-ақ, фестиваль шетелдік, әрі жергілікті саяхатшыларды тарта отырып, қаламыздың гастрономиялық туризмнің негізгі бағыты ретіндегі әлеуетін арттыруға септігін тигізеді, - дейді Ғалия Тоқсейітова, Алматы қаласы Туризм басқармасының жетекшісі.
Almaty Food Fest екі күн қатарынан өтеді. Мұнда әлемнің түрлі ұлттық асханалары ұсынылады, оның ішінде азиялық, америкалық, грузин, мексикалық және қазақтың ұлттық тағамдары да бар. Жалпы алғанда, Алматының 40-тан астам танымал тамақтану орны, оған қоса, қолөнершілер мен фермерлер өз өнімдерін ортаға салмақ.
Гастрономиялық фестивальдер мейрамханалар мен жергілікті тағам өнімдерін өндірушілерге бәсекелестерінен өзгешеленіп, көзге түсуге көмектеседі. Тағамдар – елдің өзіне ғана тән болмысын паш ететін ерекше аспект. Сондықтан мұндай ауқымды гастрономиялық шаралардың өтуі жергілікті экономиканы қолдауға, тұрақты туризмді насихаттауға, сонымен қатар, мәдени және ұлттық мұраны тереңірек түсінуге елеулі үлес қосады, - деп пікір білдірді Александр Прошенков, бас аспаз.
Қонақтарға гастрономиялық ойын-сауық шаралары да ұсынылмақ, фестиваль аясында аспаздық шоулары мен әлемдік деңгейдегі бас аспаздардың шеберлік дәрістері, бармендер мен баристалар сайысы, фермерлік өнімдер мен шеберлердің қолынан шыққан бұйымдар сатылатын жәрмеңке ұйымдастырылады.
Almaty Food Fest 2023 шарасының шетелдік қатысушылары қатарында Ұлыбритания, БАӘ, Катар мен басқа да елдердің фуд-блогерлері бар. Олар фестиваль кезінде ұсынылған ұлттық аспаздық туындыларға бейне-шолу жасайды. Almaty Food Fest шарасына келетін қонақтардың саны 10 мың адамнан асады деп көзделіп отыр.