21 Қыркүйек 2026, 16:38 Фото: ©️ ЖИ: BAQ.KZ

Алматыда алдағы күндері бірнеше көшеде жарық өшіріледі

Алматыда 21-25 қыркүйек аралығында бірқатар көшелер мен тұрғын үйлерде электр энергиясы уақытша өшіріледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ (АЖК) хабарлады.

Компанияның мәліметінше, электр желілерін жөндеу және жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізуге байланысты қаланың бірнеше ауданында жарық беру уақытша тоқтатылады. Жарық өшетін жерлердің нақты мекенжайлары мен уақыттары арнайы кестеде көрсетілген.

21 қыркүйекте жарық Алатау және Жетісу аудандарындағы бірқатар көшелерде, соның ішінде Абаканская, Баянауыл, Вильямс, Герцен, Жангелдин, Потанин көшелерінде, сондай-ақ Айгерім-1 шағынауданында өшіріледі.

22 қыркүйекте Шаңырақ-1, Шаңырақ-2, Ұлжан-1, Қарағайлы, Алғабас, Ақжар және Өжет шағынаудандарының тұрғындары жарықтың уақытша сөнуіне тап болуы мүмкін.

23 қыркүйекте жоспарлы жұмыстар қаланың орталық бөлігіндегі бірнеше көше аумағын, сондай-ақ Өжет шағынауданы мен бірқатар тұрғын үй секторларын қамтиды. Электр энергиясы негізінен таңғы сағат 08:00-09:00 аралығында өшіріліп, кешкі 17:00-ге дейін қалпына келтіріледі.

24 қыркүйекте Нұрлытау, Думан, Боролдай және қаланың басқа да бөліктерінде жөндеу жұмыстары жалғасады. Ал 25 қыркүйекте Самал, Томирис және Думан шағынаудандары мен бірнеше көше учаскесінде жарық уақытша болмайды.

Энергиямен жабдықтаушы компания жұмыс кестесі жөндеу жұмыстарының барысына қарай өзгеруі мүмкін екенін ескертті. Жарық өшірілетін мекенжайлардың толық тізімі мен кестесі АЖК-ның ресми сайтында жарияланған.