Бүгiн 2026, 14:47 Фото: pixabay.com

Алматыда алаяқтарға 4 млн теңге берген зейнеткер сол күні көз жұмды

Оқиға қоғамда алаңдаушылық туғызды.

Алматыда зейнеткер алаяқтардың құрбаны болып, ірі көлемде ақша аударғаннан кейін сол күні қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Оқиға қоғамда алаңдаушылық туғызып отыр.

Туыстары таратқан ақпаратқа сәйкес, 21 наурыз күні таңертең ер адам базарға барған. Болжам бойынша, дәл сол жерде ол алаяқтардың ықпалына түскен болуы мүмкін. Отбасы мүшелері оның қала ішінде түрлі банкоматтарға апарылып, сол жерде ақша шешіп, кейін аударым жасаған болуы ықтимал екенін айтады.

Жақындарының сөзінше, зейнеткер шамамен 4 миллион теңгені сегіз түрлі адамның есепшотына аударған. Немересі сол күні атасының ұзақ уақыт бойы байланысқа шықпағанын айтқан. Кейін хабарласқанда, телефонды алдымен бейтаныс ер адам көтеріп, артынан зейнеткердің өзіне берген. Оның айтуынша, сол сәтте телефонның арғы жағынан бөтен адамдардың дауыстары естілген.

Оқиғаға байланысты Алматы қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғағанын мәлімдеді. Қазір тергеу жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары күдіктілердің кім екенін анықтап, оларды іздестіруде.