Алматыда Алатау және Наурызбай аудандарында екі мектеп ашылды
Алматыда Алатау ауданының «Ботакөз-2» ықшамауданында және Наурызбай ауданының «Достық» ықшамауданында бір ауысымда әрқайсысы 1500 оқушының білім алуына мүмкіндік беретін №208 және 209 мектеп-гимназиясы ашылды (мектептерде екі ауысым бойынша оқытылады), деп хабарлайды BAQ.KZ Алматы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Наурызбай ауданында орналасқан №208 мектеп-гимназиясындағы 37 сыныпта 960 адам оқымақ. Сабақтар қазақ тілінде өтеді.
Алатау ауданындағы №209 мектеп 2851 оқушыға арналған, мұнда 109 сынып бар. Мектепте сабақтар қазақ және орыс тілінде жүргізіледі.
Жаңа мектептер типтік жобалар бойынша салынбаған. Жобалау кезінде білім ошақтарына қойылатын жаңа стандарттар арнайы әзірленіп, қабылданды. Олар заманауи сәулетімен, жан-жақты ойластырылған кеңістік дизайнымен, кең сыныптары және қоғамдық кеңістігі бар эргономикалық интерьерімен ерекшеленеді.
Мектептердің оқу кабинеттері интерактивті панельмен, SMART тақтамен және заманауи үлгідегі жиһазбен жабдықталған. Спорт залдардың төбесі мен қабырғасы дыбыс өткізбейтін панельмен қапталған, бұл спорттық іс-шара өткізу кезінде өте ыңғайлы, дыбысты оқшаулайды.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мектептер Face ID қауіпсіздік жүйесімен жабдықталған. Ата-аналар балаларының мектепке кіріп-шыққанын біліп отырады.