Алматыда ағаш қандаласы қаптады: Әкімдік қалай күресіп жатыр?
Көктем келісімен қала тұрғындары үйлерінің қуыс-қуысына жәндіктер кіріп, көлеңкеде ағаштан түсетін жәніктердің көбейгеніне шағымданады,деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Былтыр ағаш қандаласы көп қабатты үйлерде көбейіп, тұрғындардың мазасын қашырған. Жергілікті әкімдік тарапынан ағаштарды өңдеу жұмыстары жүргізілген еді.
Үйімізге «ағаш қандаласы» былтыр да қаптап кеткен еді. Биыл терезені ашуға қорқамыз. Үйде кішкентай балаларымыз бар. Қандала шақпайды, бірақ үйде қаптап кетуі жайсыздық тудырып жатыр. Бұл мәселеге біз ғана емес, қаладағы көп қабаттың үйлердің тұрғындары да душар болуда, - дейді Айжан есімді қала тұрғыны.
Мамандардың айтуынша, қандаланың таралуына көктем мезгілінде жауған жаңбыр әсер етеді. Бұрындары қалада кездеспейтін жәндіктер басқа елді мекендерден келуі мүмкін дейді.
Қандалалар 2017 және 2019 жылдары көбейіп кетті. Биыл да осы жағдай қайталанып жатыр. Жәндіктердің белсенділігіне жаздың кеш шығып, көктемнің жаңбырлы болуы әсер еткен. Жылулықты сүйетін жәндік күн суытса, қабырға қуыстары мен үйдің ішінен пана іздейді. Олар бұрын біздің қаламызда болмаған, басқа елдерден келсе керек. Бұл қандалалар кез келген қаптама материалдарымен әкелінуі мүмкін. Бұл жәндіктер адамдарға зиян келтірмейді, жай ғана жайсыздық тудырады. Олар қарағаш тұқымымен қоректенеді. Бұталарда өмір сүреді. Экология басқармасы жасыл желектерге зиян келтіретін зиянкестерге өңдеу жұмыстарын жүргізеді, – деді Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының өсімдікті биологиялық қорғау бөлімінің мамандары.
Экология және қоршаған орта басқармасы Алматыда жыл сайынғы ағаштарды биологиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Ағаштардың қалыпты жағдайын сақтау және зиянкестерге төзімділігін арттыру мақсатында Алматыда қаланың жасыл желегін биологиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тиімділігін арттыру мен әсерін нығайту үшін өңдеу жұмыстары жауын-шашын жоқ кезде түнгі уақытта жүргізіледі. Былтыр жүргізілген жұмыстың нәтижесі бойынша препараттар каштан көбелегі, долана және раушан жапырағы және т.б. сияқты қорек талғамайтын зиянкестерге қатты әсер еткені анықталды. Ал монофаг зиянкестерге өңдеуден кейінгі әсерді күшейту үшін былтырдан бастап бірінші кезеңде (вегетация басында) емендер төрт рет, теректер екі реттен өңделетін болады. Бұған дейін олар бір рет қана өңделетін, алайда өңдеу реттілігі аздығының тиімсіз екендігі дәлелденді және ағаштарды сақтап қалуға мүмкіндік бермейтіні анықталды, – дейді Экология және қоршаған орта басқармасы.
Биыл биологиялық өңдеу жұмыстары әдеттегідей төрт кезеңмен жүргізіледі: 29 сәуірден 30 мамырға дейін; 10 маусымнан 10 шілдеге дейін; 20 шілдеден 20 тамызға дейін және 30 тамыздан 30 қыркүйекке дейін. Өңдеу кестесіне ауа райына байланысты өзгерістер енгізілуі мүмін.