Алматыда адамдарға шабуыл жасаған шетелдіктер елден шығарылды
Оларға Қазақстанға қайта кіруге тыйым салынды.
Алматыда сот шешімімен қоғамдық орындарда құқыққа қарсы әрекет жасағаны үшін бұрын ұсталған шетел азаматтары елден шығарылды. Сондай-ақ оларға Қазақстанға қайта кіруге тыйым салынды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде кәмелетке толмағандар тобының Алматы орталығында агрессивті әрекет етіп, өтіп бара жатқан адамдарға тиіскені және олардың заттарын тартып алғаны түсірілген видеолар тараған болатын. Қала тұрғындарының шағымынан кейін полиция тексеруді бастаған.
Полиция қызметкерлері әлеуметтік желілерді мониторингтеу арқылы жасөспірімдердің жеке басын анықтады. Олар Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.
Сот шетел азаматтарын Қазақстан аумағынан мәжбүрлі түрде шығарып, елге қайта кіруге тыйым салу туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар жасөспірімдердің заңды өкілдері балаларды тәрбиелеу міндетін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда саябақта тұрғындарға тап берген жасөспірім қыздар ұсталғаны туралы жаздық.