12 Қыркүйек 2026, 22:12 Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Алматыда Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығына арналған көрме ашылды

Көрмеге суретші М. Фролова-Багрееваның Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі желісімен салған түпнұсқа графикалық жұмыстары қойылған.

Қазақ киносының күнінде режиссер Абдолла Қарсақбаевтың 100 жылдығына орай елімізде бірқатар мәдени іс-шара ұйымдастырылып жатыр.

Алматыда «Уақыт пен экран үндестігі: Абдолла Қарсақбаевқа 100 жыл» көрмесі ашылып, «Менің атым Қожа» фильмінің арнайы көрсетілімі өтті.

Көрмеге суретші М. Фролова-Багрееваның Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесі желісімен салған түпнұсқа графикалық жұмыстары қойылған. Олар Қожа бейнесінің экранға шыққанға дейінгі көркемдік қалыптасу жолын таныстырады.

17 қыркүйекке дейін Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда және Ақтауда режиссердің «Менің атым Қожа», «Алты жасар Алпамыс», «Балалық шаққа саяхат» және «Қилы кезең» фильмдері көрсетіледі.

Сондай-ақ Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясындағы Жұлдыздар аллеясы отандық киноға үлес қосқан сегіз тұлғаның есімімен толықты. Олардың қатарында Бауыржан Нөгербек, Болат Сүлеев, Мұрат Нұғманов, Әлім Сәбитов, Сламбек Тәуекел, Виктор Чугунов, Әзірбайжан Мәмбетов және Нұрлан Сегізбаев бар.