Алматыда Абай шығармашылығына арналған көрме ашылды

Алматы, BAQ.KZ.  Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейінде «Абай – халық даналығы. Абай бейнесі – Қазақстан суретшілерінің көзімен» атты көрме ашылды. Бұл туралы Аlmaty.tv хабарлады.

Көрмеге музей қорынан 70-тен астам Абай бейнесі мен шығармашылығына арналған әр кезеңдегі суретшілердің түрлі жанрдағы туындылары қойылды. Жалпы отандық суретшілер Абайдың бейнесін қылқаламға 1930 жылдардан бері арқау ете бастаған. Өнертанушы Гүлжазира Мұқажанованың сөзінше, ақынның бейнесін 1934 жылы алғаш болып Әбілхан Қастеев бейнелеген. Суретші Абайдың киіз үй қасында отырған көрінісін салады. Ал 1945 жылы Қастеев акварельдің көмегімен кітап ұстаған бала Абайды суреттейді.

Әрине, ол кездегі суретшілер жазушының образын қалыптастыруға үлкен күш салды. Терең ойға батқан философтың, ойшылдың келбетін, образын жасау оңай болмады. Өйткені Абайдың екі ұлымен түскен жалғыз ғана шынайы суреті болды. Суретшілердің алдында ақынды әр қырынан көрсету міндеті тұрған болатын, – деді  Ә. Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің бөлім басшысы Гүлжазира Мұқажанова.

Сондай-ақ, музей қабырғаларына Абайдың жинақ кітаптарына арналған иллюстрациялар топтамасын жасаған суретшілердің де туындылары ілінген. Одан бөлек заманауи шеберлердің еңбектері ұсынылыпты. Мәселен, белгілі суретші Табылды Мұқатов Абайдың төрт мезгілді жырлаған өлеңдерін сурет етіп кенеп бетіне түсірген.

Ілініп тұрған бұл картиналарды мен Абайдың 175 жылдығына арнадым. Бұл суреттерді биыл салып шықтым.  Жазғытұры, жаз, қыс, күз деген төрт мезгілге арнап шығарған өлеңдерінің желісін майлы бояумен бейнеледім, – деді суретші, ҚР Суретшілер одағының мүшесі Табылды Мұқатов.

Қылқалам шеберлері ақынның отырған, қолына кітап ұстаған кейде шабыт үстіндегі кейпін бейнелеуге тырысқан. Көрмеде ойшылдың өмір жолы ғана емес 19-ғасырдағы халықтың мінезі мен тұрмыс-тіршілігі, көшпелі және отырықшы даланың көріністері суреттеледі. Абайдың мұндай сан қырлы образын музей келушілері жаңа жылға дейін тамашалай алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы