Алматыда Абай күні қалай аталып өтті?
Алматы қаласындағы мұражайлар мен кітапханаларда Абай күніне орай тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
Шара барысында жырсүйер жас қауым жиналғандарға ақын өлеңдерін қазақ және ағылшын тілдерінде жырлап, «Қара сөздерінен» мәнерлеп үзінділер оқыды. Күйшілер күмбірлете күй шертсе, бишілер қазақ биімен тәнті етті.
Өздеріңіз білесіздер, кітапханада 3 жыл бұрын «Абай» әдеби орталығы ашылды. Сол орталықта күн сайын іс-шаралар өтіп тұрады. Абай атамызға арналған іс-шаралардың тұсаукесерін, кездесулер өткізіп келеміз. Қазақ әдебиетінде, өнерінде өлшеусіз еңбек етіп жүрген зиялы қауым өкілдерінің басын бір арнаға тоғыстырып, ақынның өнер жолындағы қайраткерлігіне тағзым еттік. Қолдан келгенше қаламыздың тұрғындары мен қонақтарына Абай атамыздың өнегелі өмір жолын танытамыз, – дейді Ұлттық кітапхананың директоры Бақытжамал Оспанова.
Мерекелік іс-шара «Алатау» дәстүрлі өнер театрының сахнасында өз жалғасын тапты. «Абай мұрасы - қазақ қазынасы» атты әдеби-музыкалық танымдық кеш өтті. Кеште ұлы Абайдың «Көзімнің қарасы», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Татьянаның әні» сияқты композициялары және көптеген әні орындалып, қара өлеңдері оқылды.
Біз бұрынғы форматтан сәл алшақтап, Абай күнінде философ Абайдың бейнесін көрсетіп қана қоймауға тырыстық. Халыққа жақын, той-томалақтарда өлең-жырларымен көптің көңілін көтеретін, ой салатын, білімге-ғылымға жетелейтін Абайды көрсеттік. Ақынның шығармаларын жастардың тілімен, сөзімен жеткізуге тырыстық. Қара сөздеріне құрылған би бар, ән де, күй де бар, – дейді Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев.
Ұлы ақынның 178 жылдық мерейтойы Алматы қаласында әуезді әнмен, әсерлі кешпен аяқталды. Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы.