Алматыда Абай даңғылындағы аллея жаңартылды
Алматыда Тұрғұт Өзал көшесінен Мұқанов көшесіне дейінгі ұзындығы 2,6 км, жалпы аумағы 5,2 гектар болатын бөлінген жолақта абаттандыру жұмыстары аяқталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мегаполис әкімдігінің мәліметінше, соңғы рет бұл жерде жөндеу 15 жыл бұрын жүргізілген.
Естеріңізге сала кетейік, биыл мамырда Алматы әкімі Ерболат Досаев көріктендіру жобасымен танысып, оның тапсырмасына сәйкес жаңғырту барысында сапалы материалдар қолданылды. Жол мен жаяу жүргіншілерге арналған аймақтарды жайлы ету мақсатында ыңғайлы орындықтар, функционалды шамдар және берік жабын төселді.
Бұл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасының жобасы тұрғындардың бастамасы мен биліктің қолдауы арқылы қаланы қалай өзгертуге болатынын, оны барлық тұрғындарға тартымды әрі жайлы ете алатынын көрсетті.
Әрқайсымыз «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасына қатысу туралы ойлануымыз керек. Бұл қаланы көркейтуге үлес қосудың тамаша мүмкіндігі. Осындай жобалардың арқасында тұрғындардың идеясы шындыққа айналып жатқанын көріп отырмыз, – деп жобаның маңыздылығын атап өткен сәулетші Владислав Филатов азаматтардың мұндай жобаға атсалысуы сапалы қалалық ортаны қалыптастыруға ықпал ететінін жеткізді.
Көріктендіру аясында 7810 м² жаңа кеспе тас төселіп, 4882 метр жиектас орнатылды, бұл аллеяның көркін келтіріп, жаяу жүргіншілер үшін ыңғайлы етті. Ұзындығы 10 800 метр болатын су құбыры жасыл желекті суаруға арналған. 21 000 м² аумақта көгал егіліп, 2500 бұта отырғызылды, 110 қоқыс жәшігі және 150 жарықтандыру бағанасы орнатылды, бұл қауіпсіздік пен жайлылықты арттырады.